Жаңалықтар

17 мамыр 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Венгрия Республикасының Мемлекеттік жиналысының төрайымы Каталина Силиді қабылдады.

Кездесу барысында Сили ханым Президентті 16 мамыр күні парламентаралық байланыстарды дамыту жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының төрағаларымен өткізген келіссөздері туралы хабардар етті.


- Осы жылдың екінші жартысында біз Назарбаев мырзаны Венгрияға ресми сапармен келуін күтудеміз. Қазіргі уақытта осы жылдың екінші жартысында қол қойылады деп жоспарланып отырған Қазақстан мен Венгрия арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісім төңірегінде жұмыстар жүргізілуде. Сауда, туризм, білім және экономика мәселелерімен айналысатын Қазақстан-Венгрия үкіметаралық комиссиясының жұмысын жандандыру қажет деп санаймыз, - деді Каталина Сили журналистерге арналған брифингте.


Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сили ханым Венгрияның Қазақстанның энергия көздерін Еуропаға тасымалдауға қатысуға әзір екенін мәлімдеді. Тараптар сондай-ақ фармакология саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа технологиялармен алмасу, сонымен бірге Астана мен Будапешт арасындағы әуе қатынасын қайта қалыпқа келтіру салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Венгрия Мемлекеттік жиынының төрайымы Қазақстан Президентінің кеше ел Парламентінде жария еткен Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарымен қанағаттанарлық сезіммен танысып шыққанын мәлімдеді. Сили ханым осы бастамаларды жүзеге асыру Қазақстан қоғамын демократияландыру үдерістерін одан әрі тереңдетуге қажетті заңнамалық база қалыптастырады деп санайды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар