Жаңалықтар

14 қыркүйек 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Украинаға ресми сапармен келді.
01

Президент Әкімшілігінде кездесудің ресми рәсімі өтті, одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Янукович шағын және кең құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады.

Тараптар жоғары деңгейдегі кездесу жақсы дәстүрге айналғанына тоқталып өтті. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Януковичтің жетінші кездесуі.

Қазақстан Президенті Украина - Қазақстанның посткеңестік кеңістіктегі негізгі саяси және экономикалық серіктестігінің бірі екенін атап өтті. Екі елдің арасында құқықтық-келісімшарт базасы құрылған. Парламентаралық және үкіметаралық байланыстар дамуда. Екі елдің Парламенттерінде «Қазақстан – Украина» ынтымақтастық тобы жұмыс істейді.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мәселесі келіссөздердің негізгі тақырыбына айналды: 2009 жылы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың ықпалынан өзара тиімді сауда айналымының көлемі төмендеп, 3,4 миллиард долларды құрады. Осыған байланысты экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Украина мемлекетаралық комиссиясының жұмысының тиімділігін арттыру маңызды.

Президенттер сондай-ақ «Жол картасы-3» 2010-2011 жылдарға арналған Қазақстан-Украина іс-қимыл Жоспарын іске асыру барысын қарады. Мұнайгаз секторы, атом энергетикасы, көлік және транзит, машина жасау саласы, ғарыш және агроөнеркәсіп кешені тәрізді перспективалық салалардағы іскерлік байланыстарды жаңартуда қолда бар әлеуетке назар аударылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі инвестициялық жобалар, соның ішінде өңдеу секторындағы жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Президент Украинаның іскер топтарының өкілдерін осы жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.

Келіссөздер барысында күн тәртібіндегі негізгі халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасылды. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ, ТМД және өзге де ұйымдар аясында Қазақстан мен Украинаның ынтымақтастығы жөнінде сөз болды.

Нұрсұлтан Назарбаев Украина басшылығына Саммитті өткізу туралы Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді және Қазақстан өз кезегінде, 2013 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болуға арналған оның тапсырысын алға жылжытуда Украинаға барынша қолдау көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Ұйымның төрағалығы жұмысына әзірлік жасауда қол ұшын беруге және жинақталған тәжірибесін бөлісуге әзір.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер 2010-2011 жылдарға арналған Қазақстан-Украина іс-қимыл Жоспарына («Жол картасы-3») өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ үкіметаралық деңгейде Қазақстандағы Украинаның және Украинадағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері ғимаратының құрылысы үшін жер телімдерін беру туралы, Қазақстан Республикасы Омбудсмені және Украина Омбудсмені арасындағы ынтымақтастық туралы, білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» «Ұлттық компаниясы» АҚ мен Украина теміржол көлігі мемлекеттік әкімшілігі арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдауға қолайлы тарифтік жағдай жасау туралы келісімдерге қол қойылды.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін Мемлекет басшылары бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

Бүгін сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың Украина Премьер-Министрі Николай Азаровпен кездесуі өтіп, оның барысында экономикалық ынтымақтастықтың ауқымды мәселесі талқыланды.                 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар