Жаңалықтар

6 ақпан 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
big-06!.jpg

Биылғы жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдау Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясына, 30 корпоративтік көшбасшы бағдарламасына, қоғамды жаңғырту және елдің экономикасын инновациялық дамытуға арналған 2006 және 2007 жылдардағы Жолдаулардың логикалық жалғасы болып табылады.


Бүгін Президент дәйекті жаңғыртудың және Қазақстанның экономикалық өсімінің орнықты қарқынын қамтамасыз ету қажеттілігін айрықша атап көрсетті.


Нақ осы негізде ең басты мақсат - әлеуметтік дамудың қарқынын сақтауға, халықтың әл-ауқатын арттыруға қол жетеді.


Н.Назарбаев экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарын атап өтті.


- Мұнай-газ саласындағы басты бағыт – халықаралық мұнай және энергетика нарықтарындағы ықпалды да жауапты қатысушы ретінде мемлекеттің тұғырын күшейту, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Экономиканы инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, Қазақстан экономикасының дамуына «ілесе алмай қалған» электр энергиясы мен көлік жүйесіне басым назар аудару экономиканы дамытудың маңызды бағыттары болып табылады.


Мемлекет басшысы дамудың жаңа кезеңі күн тәртібіне елдің агроөнеркәсіп кешенінің алдына жаңадан бірқатар аса маңызды мәселелерді қойып отырғанын атап өтті. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз ету, күш-жігерді ауыл шаруашылығының экспортқа өнім шығаратын секторларына шоғырландыруды қамтамасыз етеді.


Жолдаудың экономикалық блогының тағы бір аса маңызды мәселесі қаржы тұрақсыздығы қатерін мемлекеттің жүйелі әрі жедел бағамдауының пәрменді тетіктерін қалыптастырып, халықаралық нарықтардың Қазақстан экономикасына сенімін нығайту. Үкіметтің, Ұлттық Банктің, Қаржылық қадағалау агенттігі қызметтерінің нақты бағыттары айқындалды.


Президент қазақстандық мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейтін міндеттерді айқындап берді.


- Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, Қазақстан одан әрі де саяси және мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін жетілдіру жолымен жүре береді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Үкіметтің алдына әкімшілік реформада көзделген Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, нәтижелілік, ашықтық және қоғам алдындағы есептілік негізінде дамыту жөніндегі шараларды жедел қарқынмен іске асыру міндеті қойылды.


Жолдауда Қазақстан халқының әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған әлеуметтік мәселелерге айрықша маңыз берілді.


Елдің жаңа үшжылдық бюджеті мыналарды қамтамасыз етуі тиіс:

- тұтас алғанда 2007 жылға қарағанда зейнетақылардың орташа мөлшерін 2012 жылға қарай 2,5 есе, оның ішінде 2009 жылы – 25% , 2010 жылы – 25% және 2011 жылы 30% арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте 2011 жылы арқаулық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі күнкөріс мөлшеріне қарай 50% -ға дейін өсірілуге тиіс;

- мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін 2009 жылдан бастап жыл сайын орта есеппен 9% арттыруды;

- сәби бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағуға берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 2010-2011 жылдары кезең-кезеңмен өсіруді, орта есеппен алғанда 2007 жылғы жәрдемақының мөлшерінен 2,5 есеге арттыруды;

- 2010 жылдан бастап 4 және одан да көп бала туғанға берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін 2007 жылға қарағанда 4 еседен асыра өсіруді;

- бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіру арқылы 2012 жылы 2 есе деңгейге, оның ішінде 2009 жылы – 25%, 2010 жылы – 25%, 2011 жылы 30% арттыру қамтамасыз етілуі тиіс.

- тарихи атажұртына көшіп келу үшін оралмандарға бөлінетін жыл сайынғы квотаны 2009 жылы 5 мың отбасына дейін ұлғайтып, жылына 20 мың отбасына жеткізу керек.


- Әлеуметтік игілікті қамтамасыз ету өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ еліміздің адам ресурстарын ұлғайтумен қатар жүргізілуге тиіс. Еліміздің ғылыми, білім беру және денсаулық сақтау кешендерінің басты мұраты осы, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделін, өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналған міндеттерді айқындады.


- Тұтастай алғанда, біздің сыртқы саясаттағы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы басымдықтарымыз өзгеріссіз қала береді, - деді Н.Назарбаев.


Бүгінде Қазақстан халықаралық дәрежеде танылудың және халықаралық беделін нығайтудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды.


- Осыған байланысты “Еуропаға жол” атты арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Ол экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, басқарудың тәжірибесі мен технологиясын тартуға, заңдарымызды жетілдіруге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің стратегиялық пайымын және өзіміздің күн тәртібімізді белгілеуге ықпал етуге тиіс, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Жолдаудың толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар